Urban Forum Kazakhstan
Жылдамдықтың кептелістердің пайда болуына тигізетін әсері
Біз бұған дейін Қазақстан қалаларында рұқсат етілген ең жоғарғы жылдамдықты 30 км/сағ-қа дейін төмендету қажеттілігі жайлы мәселе қозғаған болатынбыз. Қазақстандықтардың бір бөлігі біздің бұл ұсынысымызды қолдады, алайда мұндай шараның бұрын соңды болмаған кептелістер тудырып, экология мен өміріміздің басқа да салаларына теріс зардабын тигізетінін айтқандар да болды.

Жылдамдық режімінің жол кептелістеріне қалай әсер ететіні және жылдамдық шегін өзгерту арқылы көшелердің өткізу мүмкіндігін қалай басқаруға болатыны жайлы арнайы видео дайындадық.
Жолдағы рұқсат етілген жылдамдықты арттыратын болса жалпы қозғалыстың орташа жылдамдығы неге артпайды?
Мұндай құбылыстың себебін түсінуге бізге жол кептелістерінің симуляторы көмектеседі.
Жылдамдық: 90 км/сағ
Әр жолақтың 1 шақырымында 10 көлік
Жылдамдықты шектеу 80 км/сағ болатын кіші дөңгелек жолды мысалға алайық. Егер бізде заң бойынша 10 км/сағ-тық айыппұл салынбайтын шектеменің бар екенін ескерсек, онда бұл көшелерде 90 км/сағ-қа дейінгі жылдамдықпен қозғалуға болады.

Әл-Фарабиде машиналар ағысы 90 км/сағ-тық орташа қозғалыс жылдамдығымен тек 1 жолақта 1 шақырымдағы машиналар саны 10 бірліктен аспайтын жағдайда ғана жүре алады. Мұндай жағдайға біз тек түнгі уақытта немесе қатаң карантин кезінде ғана ие болуымыз мүмкін.
Жылдамдық: 90 км/сағ
Әр жолақтың 1 шақырымында 20 көлік
Егер бір жолақтағы машиналар саны 1 км үшін 20 бірлікке дейінгі шамаға өссе, орташа жылдамдық 85 км/сағ-қа дейін азаяды. Бұл әлі де жылдам, алайда мұндай жылдамдықпен автомобильдердің азғана бөлігі ғана қозғала алатыны белгілі.
Жылдамдық: 90 км/сағ
Әр жолақтың 1 шақырымында 30 көлік
Бір сызықта 1 шақырымдағы машиналар саны 30-ға жетсе немесе одан асса, көше тапжылмастай кептеліске түседі.
Енді қайттік? Ендігі жерде ең жоғарғы рұқсат етілген жылдамдықты азайтып көруге тырысайық.
Жылдамдық: 70 км/сағ
Әр жолақтың 1 шақырымында 25 көлік
Ең жоғарғы рұқсат етілген жылдамдық 70 км/сағ болғанда (бұл біздің 60 км/сағ), жағдай осыған ұқсас, кептеліс жоғалып кетпейді. Дегенмен 70-тің өзі 90-ға қарағанда жақсырақ. Егер әрбір жолақта 1 шақырымдағы машиналар саны 25 бірліктен аспаса, онда 70 км/сағ кезінде кептелістер туындамайды, ал 90 км/сағ-та кептелістер салдарынан жалпы қозғалыстың орташа жылдамдығы жолдың белгілі бір жерлерінде 0 км/сағ-қа дейін төмендейді.
Әр жолақта 1 шақырымдағы машиналар саны 30 бірлік болатын кезде кептелістен құту үшін жылдамдықты 60 км-сағ-қа дейін азайтсақ та кептелістен құтыла алмаймыз.
Жылдамдық: 50 км/сағ
Рұқсат етілген жылдамдықты 50 км/сағ дейін түсірген жағдайда ғана кептелістен құтылып, көшемен расында да жылдам қозғалуға мүмкіндік аламыз. Қазақстандық заңнама жағдайында бұл 40 км/сағ жылдамдық шектеуін білдіреді, өйткені жылдамдық режімін белгіленген шектеуден 10 км/сағ-қа дейін асырып бұзуға болады.
Әл-Фараби көшесінің нақты жүктелу жағдайларындағы ең жоғарғы орташа жылдамдықты қамтамасыз ететін шектеуді талдап көрдік, енді бағдаршамдары бар көшелердегі шектеудің қандай болуы керектігін көрейік. 50 км/сағ шектеуде тіпті бір бағдаршамның өзі ғана бітпейтін кептеліс жасай алады, оны жалпы қозғалыс ағымы реттей алмайды.
Жылдамдық: 30 км/сағ
Түбегейлі шараны қолға алып, 30 км/сағ-тық шектеу орнатайық. Сонда неге қол жеткіземіз? Мұндай шектеу кезінде қозғалыс ағымы бағдаршам әсерінен пайда болған кептеліс соңын қуып жетіп үлгермейді. Нәтижесінде көшеде тапжылмас кептелісте тұрудың орнына біз 30 км/сағ-тық орташа жылдамдықты тұрақты түрде ұстап отыратын боламыз.
Бұл симуляторда біздің мүлтіксіз жағдайды қарастырып отырғанымызды ескеріп қойыңыз: мұнда жол қиылыстары, екінші дәрежелі көшелерге кіріп-шығатын қозғалыс, жолдағы жолақ саны өзгергенде туындайтын қусырма жолдар жоқ. Сондай-ақ белгілі бір уақытқа әлдебір жолақ қозғалысын шектеп тастайтын жол жөндеу жұмыстары мен жол апаттары да жоқ.

Тіпті осындай мүлтіксіз жағдайда да жүргізушілер жолақты ауыстыратын және қозғалыс бағытын өзгертетін жағдайлар туындайды. Жалпы үнемі неғұрлым жылдам жолаққа ауысып отыру әдеті тек біздің жүргізушілерге ғана тән емес, ол неміс симуляторында да кездеседі.
Сіз үшін маңыздысы не болды: түнгі уақытта 90 км/сағ-пен қозғалу мүмкіндігі ме әлде күн сайын кептелістің шарықтау уақытында сол кептелістің өзінсіз қозғалу ма? Кейде 50, тіпті 30-дың өзі 90-нан артық болады екен