Новости на главной

Urban Forum Kazakhstan-ның 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға қатысты позициясы

Біз жыл басындағы қайғылы оқиғаларға қатты қайғырамыз және ондай оқиғалардың ешқашан қайталанбауын қалаймыз. Еліміз бен оның қалаларының тарихына тұрғын халыққа, мемлекеттік мекемелер мен инфрақұрылым объектілеріне қарулы қылмыстық топтардың шабуыл жасауымен де, бейбіт шерушілерге күш қолданумен де көлеңке түсті.

Мұның түпкі себептерінің барып тірелетін жері –  реформалануы созылып кеткен және қоғам оның нәтижесін айтарлықтай сезбей отырған саяси жүйенің сипаты, жылдам өсіп отырған әлеуметтік теңсіздік, қалалар мен ауылды жерлердің арасындағы, қала ішінде болса – орталық және шеткері аудандар, сондай-ақ қала маңындағы елдімекендер арасындағы орасан зор айырмашылық. Жергілікті басқарушы билік органдарын қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуінің жылдар бойы қалыптасқан практикасы, демократиялық жолмен сайланатын жергілікті өзін-өзі басқару институттарының болмауы макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізудің, ұлттық үкімет нұсқауларының орындалуының және мега-жобалардың құрылуының қаланың жайлы болуынан, қарапайым азаматтардың игілігі мен еркіндігінен әлі де болса басым түсіп жатқанын көрсетеді.

Президент Қ. Тоқаев айтқандай, қаңтар оқиғаларынан тек күштік құрылымдар ғана емес, тұтастай билік орындары да сабақ алуға тиіс. Алдағы уақытта күшті басып-жаныштаудан гөрі тәртіпсіздіктердің алдын-алу жөніндегі жүйелік шараларға бағыттаған жөн. Бұл үшін бірден-бір дұрыс жол орталықта да, жергілікті жерлерде де саяси жүйені демократияландыру шараларын күшейту болып табылады. Бұл оңай шаруа емес, бірақ оның әсері ұзақ уақытқа есептеледі және қоғамның барлық саласы үшін әлдеқайда оң әсерін тигізеді.

Қоғам әлеуметтік әл-ауқаттың артуымен қатар, тұтастай мемлекеттің де әділеттірек болуын – қылмыстық топтар мен тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушыларына қатысты да, шеру кезінде және одан кейін де бейбіт тұрғындарға қарсы өкілеттіктерін шектен тыс асырып жіберген күштік құрылымдарға да, сондай-ақ жауапты тұлғалардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты да адал тергеу жүргізілуін күтеді. Өткеннің қателігін қайталамас үшін біз БАҚ өкілдеріне қарсы, белсенділер мен тұрғын халыққа қарсы шектен тыс күш қолданбауға, құқыққа қарсы әрекеттер жасамауға, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде заңның орындалуын қамтамасыз етуге шақырамыз.

Urban Forum Kazakhstan әркез билік пен азаматтардың тең құқықтық диалог жүргізуін қолдап, оған басымдық беріп келеді. Бұл міндет нақты демократиялық өзгерістерді және тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолға ұжымдық тұрғыдан сыни көзқараспен қайта қарауды талап етеді. Біз тек осылайша ғана жаңа Қазақстанды құру, сондай-ақ қоғам мен билік арасында сенімді қарым-қатынастар орнату мүмкін болады деп ойлаймыз. Қалалар деңгейінде бұл басқару шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, жергілікті әкімдіктер есеп беретін және қала тұрғындарының пікірін ескеретін нақты құқықтық институттарды құруға, шенеуніктердің болашақта жемқорлыққа батуына және өкілетіктерін асыра пайдалануына жол бермеуге мүмкіндік беретін болады.