Urban Forum Kazakhstan
Алматы арықтарының мәселесі неде?
Алматылықтар арықтарды жақсы көреді, себебі олар – қаланың тарихы. Бүгінде егде тартқан қала тұрғындары олардың сыңғырлаған таза үнін сағына еске алады. Тіпті кейбіреулері тау суын Кіші Алматы өзенінен алып, Абай даңғылы бойымен жүгіртетін осы арықтар жайлы жас ұрпаққа көп-көп әңгіме айтып бере алады. Ал мұндай арықтар барлық көшелерде дерлік бар.
АРЫҚТАР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?
Әуел баста Орталық Азияда болсын, дүниенің басқа бұрыштарында болсын, тау бөктерінде орналасқан қалаларда адамдар арықтарды үш мақсатта салды. Атап айтсақ, су құбыры ретінде, суғару жүйесі ретінде және шаңды да ыстық ауаны салқындату мақсатында. Орта ғасырларда мұның бәрі тау суының есебінен жақсы жұмыс істеді. Алматы Верный деп аталған кезінде арықтар сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болды. Сол себепті 1899 жылы Бас, яғни негізгі арық салынды. Кейінерек онда суды оңтүстіктен солтүстікке, төмен қарай жіберіп тұратын шлюздер жүйесі пайда болды. Қаланың басқа бөліктерінде арықтар аз болды, олар кішкентай өзен, жылға яки бұлақ бар жерлерде ғана кездесетін. Қала өсе түскен сайын, әсіресе, ықшамаудандар қарқынды түрде салына бастаған уақытта арықтар көбейе түсті. Алайда олар бұл кезде жер бетіндегі суларды ағызу үшін яғни, жаңбыр канализациясы, қазақша айтқанда, жаңбыр кәрізі ретінде пайдаланылды. Жаңбыр жоқ кезде олардың көпшілігі қаңырап бос қалды. Олар қазір де құрғақ.
НЕЛІКТЕН ҚҰРҒАҚ?
Кеңес дәуірінде қалаларды жобалау кезінде су инфрақұрылымына аса көп көңіл бөлінбеді. Сондықтан көп адамдар тіпті оның не екенін де түсінбейді. Бұл уақытта Алматының су ағызу жүйесі негізінен арықтар болды. Тек 1980 жылдардан бастап құдықтары бар жабық су құбырлары салына бастады. Бірақ олар аз еді. Арықтарды жаңбыр кәрізі ретінде пайдалану арзан болғандықтан, ол жайлы көп айтылды. Ал арықтарды ауаны салқындату мен суғару мақсатында пайдалану жайы сөз болмады.
АҒАШТАРҒА СУ БЕРЕТІН АРЫҚТАР ЕМЕС ПА?
Жасыл желекті суғару үшін заманауи жаңа суғару желісін салу бұдан 20 жыл бұрын ұсынылған. 2017-2019 жж. аралығында бірқатар орталық көшелер мен саябақтарды қайта өңдеу кезінде бұл ұсыныс ескеріліп, іске асты. Өткен уақытта арықтың суғару қызметі одан тікелей су алуды білдіретін. Үлкен ағаштар жер асты суымен қоректенсе, жас ағаштар жер бетіндегі суға мұқтаж болды. Бірақ олардың тамырлары арықтың еңістігін бұзып, кішкентай учаскенің өзінде ағысты бұзатыны анық көріне бастады. Заманауи автоматтандырылған суғару жүйесі – арықтармен салыстарғанда арзан әрі үнемді. Сонымен қатар ол жасыл желектердің саулығы тұрғысынан да тиімді. Әсіресе, жаңбыр суын ағызатын арықтармен салыстырғанда тиімді-ақ.
ТІРІ АРЫҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Жылдың көп бөлігінде арықтарымыз қаңырап бос тұрады. Тек жаңбыр жауғанда ғана олар өзінің бір кәдеге жарайтынын көрсетіп қалады. Алматының мұндай «тірі» арықтары – Бас арықтан немесе басқа су көздерінен су алатын арықтар. Арықтар желісін түгендеу жұмысының нәтижесін көру биылға жоспарланғаны белгілі. Ол мына сұрақтарға түбегейлі жауап беруге тиіс:

- қай арық суды қайдан алады?

- олар жаңбыр суы мен сарқынды суды қайда апарып құйып жүр?

Бұл түгендеу нәтижесі 1,200 км арықтың қайсысын сақтап, қайта өңдеу керектігін білуге көмектеседі. Ал мұндай өңделетін арықтар салыстырмалы түрде тұрақты су көзінен толығып отыратын арықтар болуға тиіс. Осы арықтар ауаны салқындатып, ылғалдандыруға және адамдардың көз қуанышы болып, қаланың бетке ұстар бейнесіне айналуға тиіс.

Сондай-ақ арықтардың жылуды реттеудегі рөлін күшейте отырып, оларды қаланың жазиралы нүктелеріне айналдыруға да болар еді.
Алайда ең бастысы – биылғы түгендеу деректері толыққанды жаңбыр кәрізін жобалауға негіз болуға тиіс. Дегенмен әкімият, оның ішінде Жасыл экономика басқармасы әлі күнге дейін арықтарды, ең алдымен, жаңбыр суын ағызатын объект деп қарап келеді.
АРЫҚТАР ЖАҢБЫР СУЫНА АРНАЛСА, НЕСІ ЖАМАН?
Экология
Жаңбыр суымен бірге арықтарға көптеген зиянды заттар, атап айтқанда, автомобиль майлары, реагенттер, газ түтінінің күйесінен түсетін бөлшектер және тағы басқалар түседі. Әрі қарай мұның бәрі жерасты суларын, өзендер мен топырақты ластайды. Ағаштардың ауыруы мен қурауы арықтардың құрғап қалғанынан бұрын, жаңбыр суымен бірге арықтан топыраққа түсетін улы заттардың салдарынан болуы мүмкін. Мұнан тыс, ашық науалар қоқыс жинап, патогенді организмдерді көбейтуі мүмкін. Бүгінгі таңда жаңбыр суларын тазартуға міндеттейтін заң да, мұны арықтарда іске асыратын мүмкіншілік те жоқ.
Жерді тиімді пайдалану
Бұған дейін айтып өткендей, бұрынғы кеңестік, кейінгі қазақстандық арықтарды инженерлер жаңбыр суына арнап жобалаған. Ал олардың көбінесе сусыз бос жататыны белгілі. Қазіргі заманғы қала өз аумағының ондаған шаршы шақырымын мұндай «басы артық жүк» түрінде ұстап отыра алмайды. Мамандардың есебі бойынша, ашық кеңістіктің 3-тен 7 %-ке дейінгі бөлігі арық желісіне пайдаланылады.
Қауіпсіздік
Арықтар көшеден өткенде және жол жиегіне көлік қаңтарғанда қолайсыздық тудырады. Мұнан тыс, соңғы жылдардағы арықтарды қайта өңдеу көп учаскелерде оларды тереңдетіп жіберді. Кейде тереңдігі 1,5 м-ге жететін арықтардан – жарақат алу қаупі жоғары. 2017 жылы арыққа құлап бір қыз қайтыс болды. Арықтар жолмен бір деңгейде салынған учаскелер де бар. Жаңбыр-қар жауғанда көлік жүретін/қаңтаратын жер мен арықтың шекарасы білінбей қалады.
Бұл жаңбыр суына арналмаған
Ақыр аяғы, арық желісі жаңбыр кәрізі ретінде де пайдаланыла алар емес. Су жинағыш пен таратқышсыз жаңбыр суын басқару мүмкін емес. Жол жиегіндегі буырқанған ағыстар, су басқан жүргіншілер жолы мен су құйылуға тиіс тордан кері лықсыған су көріністері – әр алматылыққа ертеден таныс.
АРЫҚ ЖЕЛІСІН ҚАЙТА ӨҢДЕСЕ ҚАЙТЕДІ?
Қазіргі арық желісін қайта өңдеу арықтарға су тұрақтылау сипаттағы табиғи су көздерінен келетін жерлерде жүргізілуге тиіс. Алайда арықтарды суды ағызып әкетуге бейімдеу мүмкін емес. Біріншіден, бұл олардың техникалық сипаттамаларын (өткізгіштік қабілетін, тиімділігін) арттыруды талап етеді, яғни қаладағы қоғамдық кеңістіктен тағы да жер бөлу керек болады. Екіншіден, бұл пайдаланудың жаңа нормаларына (яғни автоматтау мен механикаландыруға) айтарлықтай үлкен қаржы жұмсауды талап етеді. Тіпті мұның өзі де экология мен қауіпсіздік мәселесін шеше алмайды.
ЖАҢБЫР КӘРІЗІ ДЕГЕН НЕ?
Жаңбыр кәрізінің заманауи жүйесі жер беті суларын ағызуды, сондай-ақ су тазалау, төгу мен пайдалану құрылыстарын ұйымдастыруды, реттеуді және іске асыруды қамтиды. Мұндай жүйелерді құру жергілікті индустрияны дамытудың, жаңа технологияларды енгізудің, қала инфрақұрылымының сапасын және тұтастай өмір сапасын арттырудың маңызды бір бөлігі болып табылады. Инженерлік-техникалық жоспар тұрғысынан әңгіме – жер беті суларын жинау құбырлары, жаңбыр суын ағызғыштар, сондай-ақ олардың жерасты жинағыштары, таратқыштары, тазарту ғимараттары мен жиналған суды пайдалану технологиялары жайлы болып отыр. Әлемде мұның әртүрлі жер бедері мен климат жағдайлары үшін шешімі көрсетілген мысалдары жеткілікті. Кейбір мысалдарды NACTO америкалық тасымалдаушылар қауымдастығының сайтынан көруге болады. Олардың ішінде жабық, ашық және инновациялық, экологиялық шешімдер бар.
ЖАБЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІҢ АШЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДЕН НЕСІ АРТЫҚ?
Қала кеңістігіндегі жаңбыр кәрізі жер беті суларын бұру құрылғысы ғана емес. Жабық жүйелер қоғамдық қолданыстағы жер көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл қаланың тығыз салынған учаскелерінде жерді оңтайлы пайдалануға ықпал етеді, қауіпсіздік, көгалдандыру, табиғатты қорғау мен тасымалдау мәселелерін шешеді, инженерлік қорғанысты арттыруға, жерасты кеңістігін қарқынды игеруге көмектеседі, жаңбыр суларын шаруашылық мақсатта пайдалануға жағдай жасайды, су пайдаланудың гигиеналық талаптарына неғұрлым сәйкес келеді.
АҒАШТАР ҚАЛАЙ СУҒАРЫЛАДЫ?
Бұл арада әңгіме атмосфералық жауын-шашын суынан құралатын жер беті суларын ағызу үшін жоспарланатын және пайдаланылатын арықтар туралы болып отыр. Жаңбыр уақытында ағаштар жаңбыр суын ішетін болады.
ҮЙЛЕРДІҢ ЖЕРТӨЛЕЛЕРІН СУ БАСПАЙ МА?
Жаңбыр кәрізі дәл осы жаңбыр мен еріген қар суын басқаруға арналған. Ол арнайы тесіктер арқылы жер беті суын ағызып, оны тұрғын үй, көше мен жүргіншілер жолы сияқты инфрақұрылымдардан аулақ әкетеді.
ТЫШҚАНДАР ШЕ?
Тышқандардың өмір сүруі үшін ашық арықтар жабық жаңбыр кәрізі жүйесіне қарағанда әлдеқайда жайлырақ.
Соңғы уақытқа дейін ҚНмЕ (құрылыс нормалары мен ережелері) қалаларда жабық жаңбыр кәрізі жүйесін пайдалануға ұйғарым беріп келеді. Ашық су ағызу желісін пайдалануға орташа және кішкентай қалаларда, саябақтар мен аз қабатты үйлерде ғана жол берілген.
ПРОБЛЕМАНЫ ШЕШУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?
Бұл көптеген өзгерістерді талап етеді. Оның ішінде төмендегідей мәселелер бар:
- бюджеттік және стратегиялық аумақтық жоспарлау,
- қала құрылысы және экономикалық реттеу,
- қала тұрғындарын, сарапшыларды, үй салушыларды және т.б. тарту.

Жаңбыр кәрізі инфрақұрылымы саласындағы жұмыстардың бәрін басынан бастауға тура келеді:

  • физикалық инфрақұрылымның техникалық өзгерістері
  • жаңбыр кәрізін пайдалану ережелерін заңнамалық бекіту
  • жаңбыр кәрізі жүйесін басқару органдарының бекітілген жауапкершіліктері
  • салаға инвестициялар мен инновацияларды тарту
  • бюджет шығыны мен жүйенің өзін-өзі ақтау механизмін жетілдіру
  • ақпараттық шаралар, қоғамдық тыңдаулар, консультанттарды тарту
АЛМАТЫНЫ АРЫҚТАН АЙЫРҒЫЛАРЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?
Жоқ. Арық жүйесі өткен уақытта Алматы инфрақұрылымының маңызды бір бөлшегі болды. Біз арық Алматының бірегейлігінің маңызды бөлігі деп есептейміз. Арықтардың орналасуы кварталдарды жоспарлау мен көшелерді бағдарлауда шешуші фактор болды. Арықтар Алматының беткеұстар бейнесі ретінде, оның тарихи бірегей белгісі ретінде, көше бедерінің айрықша бөлшегі болып қала беруге тиіс. Арықтар тұрақтылау табиғи су көздерінен толығатын аудандарда сәулеттік безендірудің ерекше бір элементіндей болып сақталып қалуы қажет.